Әлішер Сүлей: "Премьер-лигада өнер көрсететін төрт клубтан ұсыныс түсіп отыр"
— Әлішер, «Тараздың» биыл толық тоқырауының себебі неде?
— Мен бұл сұраққа дәл қазір дөп басып жауап бере алмайтын шығармын. Өткен маусымда шынында команда сапында қиындықтар көп болды. Мүмкін, қаржының аздығынан да болар. Жыл басында команда дұрыс жасақталмады. Ал, командаға келген футболшылардың көбінде жарақат болды. Тіпті, ойыншылардың аздығына байланысты кейде біз толыққанды жаттығу да жасамаған кездеріміз болды. Содан кейін Нұрмат Мырзабаев жас ойыншыларды көп шығарды. Маусымды біз тың күшпен жап-жақсы бастаған-ақ едік. Кейін ойынымыз жүрмей-ақ қойды. Әрине, бұл жерде тәжірибиенің де алар орны ерекше ғой. Мықты жасақталған командаларға қарсы ойнау қиын болды.
— Ал, командаға Юрий Максимов келгеннен кейін не өзгерді?
— Айтарлықтай ештеме өзгерген жоқ. Украиналық маман өзімен бірнеше ойыншыларды алып келді. Алайда, ұжымға келіп қосылған шет елдік футболшылар командаға керемет көмектесті деп айта алмаймын. Барлығы да бұрынғы қалпынша болды. Мықты футболшылар аз болып, көбіне керекті нәтижеге қол жеткізе алмадық.
— Максимовтың командаға келісімен ұжымның ішінде іріткі пайда болды деген әңгіме шықты? Жалпы, украин маманы келісімен команда ішіндегі атмосфера қалай болды?
— Команда ішіндегі атмосфера нашар болды деп айта алмаймын. Бірақ, мықты да болмады. Өйткені, біздің турнир кестесіндегі жағдайымыз жақсы емес еді. Ал, тоғыспа кездесуден кейін көңіл-күйіміз тіпті түсіп кетті.
— Юрий Максимовтың жұмысын қалай бағалар едіңіз. Кейбір командаластарыңыз ол маманның деңгейі өте төмен деген еді ...
— Бапкердің жұмысын бағалау менің шаруам емес. Басшылар, жанкүйерлер өз бағасын бере жатар.
— Биылғы маусымдағы өз өнеріңізге көңіліңіз толады ма?
— Менің өз ойыныма 100 пайыз көңілім толады деп айта алмаймын. Өйткені, мен өткен маусымда екі рет жарақат алып қалдым. Сондықтан, өз бабыма толық келе алмадым. Біздің командада физикалық дайындықты бақылайтын маман жоқ. Егер сондай маман болса, мүмкін жарақ алмас па едім.
— Алдағы жоспарларыңызбен бөлісе отырсаңыз. «Тараз» сапында қаласыз ба, әлде жұмыс орныңызды ауыстырасыз ба?
— Шынымды айтсам, ол туралы әлі ойланбадым. Қазір демалып жатырмын. Бірақ, менің клубпен келісім-шарт мерзімім аяқталды. Ары қарай не боларын нақты айта алмаймын. Себебі, клуб тарапынан маған ешкім хабарласпады. Бұрнағы күні маған Премьер-лигада өнер көрсететін төрт клубтан ұсыныс түсіп отыр. Нақты шешімді жаңа жылға дейін қабылдаймын.
— Әңгімеңізге рақмет!
Уалихан ҚОСАНБАЙ
№ | Команда | И | М | О |
---|---|---|---|---|
1 | Қайрат | 24 | 39-21 | 47 |
2 | Астана | 24 | 39-19 | 46 |
3 | Ақтөбе | 24 | 39-26 | 43 |
4 | Ордабасы | 24 | 36-24 | 42 |
5 | Тобыл | 24 | 33-23 | 39 |
6 | Елімай | 24 | 35-32 | 37 |
7 | Атырау | 24 | 28-20 | 35 |
8 | Қайсар | 24 | 28-29 | 34 |
9 | Қызылжар | 24 | 29-26 | 29 |
10 | Жеңіс | 24 | 18-32 | 24 |
11 | Жетісу | 24 | 17-33 | 23 |
12 | Тұран | 24 | 16-39 | 20 |
13 | Шахтер | 24 | 12-45 | 10 |