"Атырауды" аяқтан шалған кімдер?
«Атырау» клубы биылғы маусымда 70 пайызға жаңарды. Владимир Никитенкоға жыл басында Алдан Балтаев, Александр Дамчевски, Абдель Ламанж, Алексей Мулдаров, Ұлан Қонысбаев, Валерий Коробкин, Александр Куртеян, Павел Шабалин, Вячеслав Шарпар, Александр Макась, Пшемыслав Трытько секілді саңылақтар келді.
Бірақ, биылғы біріншілікті «Атырау» сәтсіз бастады. Бірінші бес турда Батысқазақстандық команда небәрі бір ғана ұпай жинады. Одан кейін алтыншы турда Никитенко ұжымы «Ақжайықтан» айласын асырып, бірінші рет толық үш ұпай алды. Содан соң тағы сәтсіздіктер сериясы басталды. Сөйтіп, он бесінші турға дейін 19 ұпаймен турнир кестесінің сегізінші сатысында болды.
Ал, 19-шы турда ел біріншілігіндегі ең бір даулы ойын өтті. «Атырау» ол турда «Ордабасыға» қонаққа барған. Егер, бұл ойында «мұнайшылар» ұпай алса, бірінші алтылыққа кіруі әбден мүмкін еді. Әйткенмен, бұл ойынға қазылық жасаған Айдын Рақымбаев қонақтардың тарапына қарай бірнеше мәрте әділетсіз шешім шығарып, «Атыраудың» бірінші алтылыққа кірмеуіне өзінің зор үлесін қосты.
Бұл туралы қанша айтылды да, жазылды да. Бірақ, Шымкенттегі ойынның нәтижесі өзгеріссіз қалды. Содан соң әртүрлі алып-қашпа әңгімелер де шықты. Солардың біріне сенсек, «Атыраудың» бірінші алтылыққа кірмеуіне тікелей себепкер болған — Дмитрий Васильев. Ол «Ақтөбені» бірінші алтылыққа кіргізу үшін қолдан келгенін аямады. Сол кездегі ҚФФ президенті Ерлан Қожағапановпен сөз байласып, «Атырауды» аяқтан шалған. Әйтпесе, Шыменттен «Атырау» кемінде бір ұпай алса, 30 ұпаймен алтыншы орынған тұрақтаушы еді.
Жазғы трансферлік үзілісте «Атырау» сапында біраз өзгерістер болды. Оның ең бастысы — Никитенконың қызметінен кетуі болды. Оның орнына болгар бапкері Стойчо Младенов келді. Негізі, сорақылықтың көкесін осы Младенов бапкер көрді. Владимир Андреевичтің кезінде команда көрсеткіші керемет емес еді. Младеновтың бастамасен ұжым қатарынан бес ойында ұтылмай, сол Шымкентте төрешінің теріс көзқарасының кесірінен жеңіліс тапты. Одан кейін 20-шы турда өз алаңында «Ақтөбеге» қарсы ойында да біз төрешілердің «Атырауға» деген көзқарасы теріс екенін тағы бір рет байқадық.
Жаздағы трансферде командаға бапкерден бөлек, Берік Айтбаев, Максим Федин деген ойыншылар келді. Бұл екеуінің арасында тек Фединнің көмегі көп болды. Бұл жас жартылай қорғаушы 13 ойынға қатысып, 1 гол соқты.
Команда сапында биыл жарқын ойынымен көзге түскен футболшыларға тоқталатын болсақ, бірінші кезекте біз украиналық жартылай қорғаушы Владимир Аржановты айта аламыз. Ол ішкі біріншілікте барлық 32 ойынға қатысып, 8 гол соқты. А.Куртеян биыл 29 ойынға қатысып, 4 гол соқса, П.Трытко 28 ойында 7 гол соқты.
Біз бұл ойыншылардың қатарына Ұлан Қонысбаевты да қосқымыз келеді. Егер, 27 жастағы жартылай қорғаушы Қытай құрамасына қарсы кездесуде ауыр жарақат алмаса, командасын өрге сүйрейтін еді. Екінші айналымда Ұланның жоқтығы командада кәдімгідей көрініп-ақ тұрды. Ол биыл небәрі 13 кездесуге қатысып, 1 гол соқты. Алайда, сол 13 ойында әріптестерінің гол соғуына бірнеше рет көмектесті.
Биылғы маусымды осылайша команда 39 ұпаймен сегізінші орында аяқтады. Енді «Атырау» жанкүйерлері келесі маусымды асыға күтіп отыр. Келер жылы команда көрсеткіші жоғары болады деген сенімдері мол. Келер жылы «Атырауды» ешкім аяқтан шалмайды деген ой бар. Өйткені, бүгінде ел футболының тізгінін ұстаған азаматтар өзгерді. Жасырын сөз байласудың шебері Қожағапанов қызметінен кетті. Енді «Атырауға» қыстың қамын, жаз ойлап, ҚФФ жаңа президентінің ауызын әзірден майлап қою керек шығар. Әтпесе, биылғы жылдың кебін тағы кешуі ықтимал.
Келер маусымда «Атырауды» күрделі өзгерістер күтіп тұрған сияқты. Қазірдің өзінде командада жаңалықтар көп. Оның ең бастысы Стойчо Младеновтың қызметінен кетуі. Болгар бапкері «Қайсарды» баптауға кетті. Одан бөлек, клуб директорты Асылбек Жүнтербаев та қызметін босатты. Басты себеп, тапсырманың орындалмауы...
Ал, футболшылардан шет елдіктердің біршамасы кетеді. Жергілікті футболшылардың да жағдайлары толық белгілі емес. Ұлан Қонысбаевтың командамен келісім-шарты жуырда аяқталды. Одан бөлек, Ж.Нарзикулов, П.Шабалин, В.Коробкин, А.Балтаевтардың шартнамасы аяқталып қалды. Бұл ойыншылардың командада қалу, қалмауын жаңа директор шешетін болады.
Сандар сөйлейді
«Атырау» командасы биылғы маусымда ең тәртіпті ойнаған командалардың қатарында болды. Биылғы маусымда команданың 16 ойыншысы 3 қызыл, 56 сары қағаз алыпты.
Қызыл қағаз: В.Кузьмин, П.Шабалин, В.Шарпар.
Сары қағаз: 7 - В.Коробкин, А.Мулдаров, А.Сапаров, 6 - Р.Эсатов, 4 - В.Кузьмин, Г.С.Эссаме, 3 - П.Трытко, В.Аржанов, В.Шарпар, А.Куртеян, 2 - А.Макась, В.Чуреев, М.Федин, 1 - П.Шабалин, Ұ.Қонысбаев, А.Ламанж.
«Атырау» сапында ойнаған футболшылар мен олардың көрсеткіштері: В.Аржанов - 32 (8), Ж.Нарзикулов - 32 (-39/2), А.Ламанж - 32, А.Куртеян - 29 (4), П.Трытко - 28 (7), Г.С.Эссаме - 28 (1), А.Мулдаров - 28, П.Шабалин - 25 (3), В.Коробкин - 25 (2), А.Макась - 24 (1), А.Дамчевски - 21 (2), А.Сапаров - 21 (1), В.Шарпар - 20 (3/1), В.Кузьмин - 20, Р.Эсатов - 18, В.Чуреев - 16, Ұ.Қонысбаев - 13 (1), М.Федин - 13 (1), А.Балтаев - 9, А.Маров - 5, Н.Жагоров - 2, Р.Нұрмұхамедов - 1 (-0/0).
Уалихан ҚОСАНБАЙ
№ | Команда | И | М | О |
---|---|---|---|---|
1 | Қайрат | 24 | 39-21 | 47 |
2 | Астана | 24 | 39-19 | 46 |
3 | Ақтөбе | 24 | 39-26 | 43 |
4 | Ордабасы | 24 | 36-24 | 42 |
5 | Тобыл | 24 | 33-23 | 39 |
6 | Елімай | 24 | 35-32 | 37 |
7 | Атырау | 24 | 28-20 | 35 |
8 | Қайсар | 24 | 28-29 | 34 |
9 | Қызылжар | 24 | 29-26 | 29 |
10 | Жеңіс | 24 | 18-32 | 24 |
11 | Жетісу | 24 | 17-33 | 23 |
12 | Тұран | 24 | 16-39 | 20 |
13 | Шахтер | 24 | 12-45 | 10 |