Нұрбол Жұмасқалиев: "Жастарға жігер керек"
- Маусым сәтті аяқталды деуге келмес. Ел біріншілігінің алтыны тұрмақ, алғашқы "алтылығынан" сырт қалып жүрсіздер. Алдыңғы жылдарды айтпағанның өзінде, биыл "Тобол" сүрінеді деп ешкім ойлаған жоқ.
- Рас, жанкүйерлердің алдында кінәліміз. Мықты алтаудың арасына кіреміз деп қаншама жыл міндет қойдық. Жүлделі орындарға жетеміз деп тырысып келеміз. Биылғы маусым басталардың алдында-ақ, басшылық зор тапсырма жүктеді. Бірақ... Тағы да бірақ...
- Дегенмен, әлдебір себептері бар шығар?
- Иә, қазір құрам да өзгерді, бапкерлер де ауысты. Сол себепті, ойын да басқаша. Біз бір-бірімізбен тез тіл табысып кете алмадық. Ал, бұл - жасыл алаңдағы басты көзір. Менің ойымша, бізге уақыт жетпеді. Байқасаңыздар, күзге таман біздің команданың ойыны басқаша жүрді. Алғашқы "алтылықтың" мықтыларымен жоғары дәрежеде ойнай алар едік. Алайда, тым кеш еді. Екінші "алтылықтың" чемпионы бола беру бізге де жақсы тиіп жатқан жоқ.
- Маусым бастала бере Бірінші лиганың командасынан ұтылып, кубоктан да қара үзіп қалдыңыздар. Содан кейін бас бапкер Дмитрий Огай қызметінен кетті. Орнына Омари Тетрадзе келді. Анау айтарлықтай өзгерісті көрдіңіз бе?
- Негізі, қос бапкердің жаттығу жасатуы ұқсас. Бірақ, командаға тактикалық тұрғыда өзгеріс келді. Осы сәтте мен жарақат алып қалып, бірнеше матчтарға қатыспадым. Содан соң бапкер мені шабуылшы шебінен алып, алаңның тұсына қойды.
- Қазіргі кезде айтылып жүрген "тіреуші" (опорный) жартылай қорғаушы ретінде он шақты ойынға шықтыңыз? Бұрын осы тұста ойнап па едіңіз?
- Бұрын әр маусымда бір-екі рет қана қорғанысқа жақын орналасатынмын. Негізгі міндетім - шабуылға дем беру. Бірақ, жаңа бапкер жаңа міндет қойды. Ол менің қорғаушыларға жиі көмектескенімді қалады. Бапкердің нұсқауын орындауым керек. Сол себептен де жанкүйерлерімді голдармен қуанта алмадым деп ойлаймын.
- Ұзынқұлақтан естідік, сіз басқа клубқа ауысады деп жүр...
- Жай ғана сыбыстар шығар. Басты мақсатым - ары қарай "Тобылда" доп тебу. Қырық жасында жасыл алаңда ойқастап жүрген футболшыларды білесіз ғой. Сондықтан, мансабымды аяқтаймын деген жоспарым жоқ. Дегенмен, алдағыны Алла біледі.
- Ұлттық құрамада жүрген жастардың аяқ-алысы қалай?
- Қазақ футболының қарқыны қанша төмен десек те, ала допты аяғында ойнататын жастар жоқ емес. Кезекті жеңіліске куә болып, стадионнан көңілсіз қайтқан күннің өзінде келешекке иек артып, еңсемізді тік ұстайтын кезді күтеміз. Жастарға жігер керек. Қалғанының бәрі бар.
- Келесі жылға не жоспар?
- Бұл туралы бапкерлермен әлі сөйлескен жоқпын. Жанкүйерлер күткен жүлдені алсақ деймін. Әзірге осыны ғана айта аламын.
№ | Команда | И | М | О |
---|---|---|---|---|
1 | Қайрат | 24 | 39-21 | 47 |
2 | Астана | 24 | 39-19 | 46 |
3 | Ақтөбе | 24 | 39-26 | 43 |
4 | Ордабасы | 24 | 36-24 | 42 |
5 | Тобыл | 24 | 33-23 | 39 |
6 | Елімай | 24 | 35-32 | 37 |
7 | Атырау | 24 | 28-20 | 35 |
8 | Қайсар | 24 | 28-29 | 34 |
9 | Қызылжар | 24 | 29-26 | 29 |
10 | Жеңіс | 24 | 18-32 | 24 |
11 | Жетісу | 24 | 17-33 | 23 |
12 | Тұран | 24 | 16-39 | 20 |
13 | Шахтер | 24 | 12-45 | 10 |