Қазақ футболының Келжановы еді...
Бауыржан тыңдады. Футбол туралы екен. Сәлем бердік. Алды. Сосын олар өз жұмысымен шұғылдана берді, біз жөнімізбен кеттік. Неге келгенін кейін ұқтық. Бас редактордан.
Сайын ағаның бөлмесіне Нес-аға кіріп келгенде.
– Сәке, - деді, Нес-аға, - Сәке, әлгі екі жігітті байқадыңыз ба?
– Көзілдіріктімен, қасындағыны ма?
– Ия. Сұмдық!
– Ә?
– Керемет, деймін, Сәке. Ағып тұр. Тізгінді осыларға берсем қайтеді?
– Өзіңіз білесіз ғой.
– Сәке, өзім білгенде ақыл ағып тұр екеуінен. Бірін бірі толықтырады. Жаңаша көзқарас. Футболыңыздан дым қалдырмаған-ау, бәрін біліп тұр. Қазақтың жігіттері екен. Өздеріне де, сөздеріне де жауапты секілді.
Арада күндер өтті. «Намыстың» тізгіні сол екеуге тиді. Жаттығуына бардық. Кілең қазақ. Бәрі бүкіл болмысымен жұмысқа жегілген. Жұқа келген Бауыржан Жолдасұлы байыз таппайды. Кейде тіпті өзі де доп теуіп кетеді. Сәрсен сырттан бақылайды екен. Алды қағазға толы. Оқиды. Жазады. Айтады. Қайта бақылайды.
Сосын «Намыс» жарысқа қосылған күні кездестік. Кездескенде, анадай жерде отыр екен. Матч басталғалы жатты. Жұрт абыр-сабыр. Арман орындалғалы тұр. Кілең қазақ жастарынан құралған команда додаға түседі. Намысқа шабайын деп тұр. Сай тасындай іріктелгендерге Сәрсен жетекшілік етеді. Алаң жиегінде емес. Елдің арасында отыр. Баяғыда Константин Бесков биіктен жақсы көрінеді деп, мінбеге шығатын еді. Сәрсен де осы орынды жөн санаған секілді. Футбол көреміз, бас бапкерге қараймыз. Әншейінде еңгезердей көрінетін. Бір уыс болып қалыпты. Қабағы түйілген. Назары алаңда. Әлсін-әлсін темекі тартады. Тартып отырған жоқ. Тістелей береді. Күлі төгіліп барып, сөнеді. Анығы сөніп қалған. Сәкең тістелеп отыр. Есіне түскенде қайта тұтатады. Бәрі ішінде. Бір қалыптан айныған жоқ. Бір орыннан қозғалмады. Қырық бес минуттан кейін төмен кетті. Сол күні «Намыс» керемет ойнады. Дәулеттің екі гол соғатын кезі ше. Қазақ спортының және әдебиетінің саңлақтары тамашалады. Сейдахмет Бердіқұл, Тұманбай Молдағалиев.
Матчтан кейін арлы-берлі жүрді. Ой құшағында. Қолды алған болды, бірақ өз әлемінен ажыраған жоқ. Сұрақ беру орынсыз еді, бәрібір жарамды жауап айтпайды. Кәнігі атбегілер секілді. Жануарын жетекке алып, үнсіз жүріп алатын еді. Командасы іште. Іште болғанда киім ауыстыратын бөлмеде. Қуаныш құшағында. Құшақтап жүргендер көп. Өзі сыртта. Жүрді. Сабырлы екен. Солай көрінді. «Намыс» салған жерден жеңіске жетті. Нәтиже ғой, ол. Үлкен жетістік. Сәрсенге қарасаң, бойында қуаныштың ізі де жоқ. Ойында не бар екенін ұғу қиын. Сосын тағы көрдік.
Ол кезде біз «Қазақстан» арнасындамыз. Алдымен телефонда тілдестік. Сосын іздеп келді. Қасында Бауыржан. Сәрсекенов. Сөзді Сәрсен аға бастады.
– Әдейі іздеп келдік. Шынын айтқанда қазір бізге қолдаушы қатты қажет.
– Ағалар-ау, менің қолымда не бар?
– Алдымен тыңдап ал. Мұқият тыңда. Арыдан бастайын. Біз мықты атаның ұрпақтарымыз. Жалпы қазақты айтамын. Тегің бар. Шетімізден тектіміз. Кез келген қазақты алшы. Арғы тегінде ақын да бар, батыр да бар, шешен де бар, көсем де бар. Демек ақылды мен батылдың ұрпақтары.
Әбден дайындалыпты. Немесе өзі сондай терең. Тарихқа бойлады, генетиканы талдады. Қазақтың формуласын ұғындырды. Шымыр екенбіз. Білетін едік. Шөгел екенбіз. Естігенбіз. Ақылдымыз. Бәрімізде ақыл көп. Демек футболшымыз. Үнсіз қалдық.
– Тыңдашы. Тыңдап алшы. Ешкім түсінбейді. Қазақ баласы неге футболшы болмауы керек? Неге? Неден кенде? Жарайды, былай айтайын. Қазақстанда футболды дамытуға толық негіз бар. Кемі жібі түзу бір команда жасауға болады. Сосын екіншісін. Шетінен өрістей береді. Ол үшін не керек? Көңіл, ынта, жігер. Ия, ақша. Соның бәрі де бізде бар ғой. Өтірік пе? Өтірік емес. Шындық. Тек футболды өрістету жолын таба алмай жүрміз. Біз таптық! Сенші, маған. Таптық! Ғылым алға сүйрейді, футболды. Талдау дегенді түсінесің ғой? Түсінесің! Сол талдау кемшін түсіп жатыр. Ақпаратты талдау! Ойыншының мінез-құлқы, жүрген-жүрісі, допты тебуі, пас қабылдаудағы қасиет-кемшіліктері. Жүгіруі. Ентігуі. Жүрек қағысы, бәрі, бәрі.. Ақпарат жазылуы керек, сосын талдаймыз. Шыға келеді. Көр де тұр. Түптің түбінде нәтиже келеді. Тыңдап тұрсын ба?
– Тыңдап тұрмын. Бірақ ағалар-ау, менің шамам неге келеді?
– Келіп тұр. Алдымен тыңда, тыңдап ал. Мида ұста, ойды қорыт. Пікір қалыптастыр. Сосын маған айт. Бұл көмегің. Менің айтқандарымды талда. Үйде отырғанда. Немесе тіпті қазір. Бірақ әбден ойланып ал. Сұрақты мен беремін. Келістік пе?
– Келістік.
Бірнеше парақ ұстатып кетті. Бәрі жазылыпты. Оқыдық. Таң қалдық. Бәрін жазған. Түсіндік, әрине. Ниетін. Ойын. Шіркін, қолдаушы қайдан табылсын. Бәрі шошып кетсін. Шоршып түседі, оны білеміз. Солай болды да. Артынша тағы кездестік. Сауалды Сәкең қойды. Біз жауап бердік. Владимир Мостовой бар, Павел Черепанов бар, тағы жолықтық. Тағы да түсіндірді, тағы да ойлануға уақыт берді. Түсінігі бар тілшілердің тізімін жасауымды өтінді. Түсінік дегенде футболды айтып отыр. Александр Трофимовтың бауыры футболшы. Ол түсінеді. Максим Карташовпен танысқысы келетінін өзі айтты. Кейін бәріміз жиналып, сөйлестік. Сәрсен аға сырын айтты. Біз тыңдадық. Біз ғана емес екенбіз. Бердыев та тыңдапты. Терең түсініп, тыңдаған. Жадында ұстаған. Бәлкім жазғандарын алған. Ол жағын анық ұқпаймыз. Ұққанымыз, Құрбан Сәрсен Келжановты нақ түсінген. Кейін әлгі бағдарламадан нәтиже шығатынына шүбә келтірмеген. Оқу-жаттығу жұмыстарын реттеуге арналған үлкен шығарма болатын, оның түсіндіргені. Бір клубтың тыныс-тіршілігін ғылымға негіздей отырып зерделеу, команданы өрістетуге арналған оқулық еді. Кешенді талдау дегенді білетін шығарсыздар. Кешенді жаттығу дегенді ше? Қолданбалы бағыттағы, тәсілдемелік оқу құралы. Команда жұмысын жүргізу, ойыншыны баптау, техникалық-тактикалық қимыл, қозғалыстар. Көп енді. Қысқасы жақсы футбол әрі жақсы футболшы қалыптастыру мектебін құруды ойлады ол.
«Рубин» ше? Біздіңше сол Сәрсен Келжанов мақсаты. Бердыев жүзеге асырды. Шын мәнінде кәсіби ойыншы тәрбиелеуді діттеген оқу құралын жазыпты, Сәкең. Арада жылдар өтті ғой. Павел Черепанов кітап ұсынды. Өз өнімі шығар. Кейбір жолдары қатты таныс. Черепановқа рахмет, түскен қаржыны Келжановтар отбасына беріпті. Сосын бір адамның үлкен шаруаға күші келмейтінін айтты, Сәрсен аға. Білікті бапкерлер тобы ақыл қоса отырып, ақыл қосқанда да бір бірін толықтыра отырып маусымға дайындық жоспарын бекітуі тиіс дейтін. Әрбір ойыншыны әбден саралап барып, керек десеңіз жеке баптап, бабына әкелу керектігін баса айтатын. Осының бәрін ғылыми жүйеге айналдырып барып, нәтижеге апаратын жолды табамыз дейтін. Білікті, кәсіби бапкерлер тобы жаттығу жоспарын әбден талқылап, иін қандырып, шикісі пісіп, қатесі түзелгенде ғана қолдануы тиіс екендігін түсіндірді. Түсінген Бердыев дедік пе? Сөзіміз Сөз. Черепанов айтады, «Рубинде» жаттығу жоспарын түн баласы талқылап, таң ата бір шешімге келмей тарқасатын кездер де болыпты. Және ол жиі кездесетін құбылыс екен.
Серсенбек Келжанов Ақтауды өте жақсы көрді. «Мұнайшы» командасын құрды. Өзі басқарды. Иван Яремчук секілді саңлақтарды тартты. Сергей Кирьяковты да тартты. Бізге ұнағанның бірі – Валерий Глушаков. Әріптесіне доп жеткізуі керемет. Ренат Атауллин де ойнады. Константин Котов пен Алексей Клишин, Роман Вороговский мен Александр Пановтың тынысы ашылды. Қайрат Айманов пен Марат Есмұратов қорғаныс шебін күшейтті. Қайрат Сламбеков жүрді. Юрий Рыков сынды шабуылшы ойнады. Бас бапкер – Станислав Францевич Каминский еді. Әңгімешіл еді. Әзілмен орап отыратын. «Футболдағы мықты кәсіпті білесің бе? Білмейсің, ол шабуылшының өкшесінде отыратын жартылай қорғаушы», - деп қарқ-қарқ күлетін. Күлетін де езуін жиып алатын. Футболда күліп сөйлеуге болмайтынын айтып. Артынша қайта жібиді. Сәрсен аға біз атаған ойыншы-бапкерлердің бәрімен тонның ішкі бауындай жарасуымызды қалады. Бәрінің айтары бар дейтін. Сонау 1979 жылы мамандырылған футбол сыныптарын ашуды қолға алыпты. Облспорткомитет төрағасының орынбасары бола жүріп те, ел футболының дамуына көп еңбек сіңірді. «Мұнайшыны» құрды дедік. Алматыда үлкен турнир ұйымдастырды. Қазақстан Президенті Кубогы жолындағы жарыс. Бразилиядан «Флуминенсе» келді. Испаниядан «Сарагосаны» алдырды. Құрамында Владислав Радимов ойнаған. Эд Де Гуй, Рональд Куман секілді серкелерін ертіп, «Фейеноорд» келді.
Сәрсен аға туралы көп айтуға болады. Реті келер. 2016 жыл аяқталып келеді. «Мұнайшы» 1996 жылы құрылып еді. Сол еске түсіп...
Амангелді Сейтхан
№ | Команда | И | М | О |
---|---|---|---|---|
1 | Қайрат | 24 | 39-21 | 47 |
2 | Астана | 24 | 39-19 | 46 |
3 | Ақтөбе | 24 | 39-26 | 43 |
4 | Ордабасы | 24 | 36-24 | 42 |
5 | Тобыл | 24 | 33-23 | 39 |
6 | Елімай | 24 | 35-32 | 37 |
7 | Атырау | 24 | 28-20 | 35 |
8 | Қайсар | 24 | 28-29 | 34 |
9 | Қызылжар | 24 | 29-26 | 29 |
10 | Жеңіс | 24 | 18-32 | 24 |
11 | Жетісу | 24 | 17-33 | 23 |
12 | Тұран | 24 | 16-39 | 20 |
13 | Шахтер | 24 | 12-45 | 10 |