Тарихи матчтар тізбегі
1992 жылы 19-шы сәуір күні Алматының «Орталық» стадионында ғаламат ойын болды. Бұл кездесудің маңыздылығын қазіргі жастар білсе ғой. Сол ойынды көрген жанкүйерлердің көздеріне жас та келген деседі. Ол не матч дейсіздер ғой. «Қайрат» пен «Актюбинец» арасындағы ойын еді. Есеп 3-1 есебімен алматылықтардың пайдасына шешілді. Бірақ, оның маңыздылығы не дейсіз ғой? Бұл Қазақстанның жеке дара өз алдына тәуелсіз мемлекет болып, өзінің ішкі чемпионатын бастағанын куәгер ететін ойын. Былайша айтқанда Қазақстан чемпионатының ең алғашқы ойыны. Ал, алғашқы голдың авторы - Владимир Нидергаус.
«Қайрат» (Алматы) - «Актюбинец»(Ақтөбе) - 3:1
Голдар: Владимир Нидергаус 6, Сергей Волгин 8, 17 – Андрей Мирошниченко 53.
41-минутта Асқар Қожабергенов пенальти соға алмады (қиыс кетті)
«Қайрат»: Кафанов, Қожабергенов, Пасько, Айманов, Волгин (Б.Еңсебаев 70), Скляров (Богатырев 46), А.Әбілдаев, Нидергаус (Яблочкин 46), Найдовский, Масудов, Анашкин.
«Актюбинец»: Лабунец, Д.Жоланов, Слепнев, Кистер, Гусев, Ж.Жоланов («Уразбаев 84), Курнаев (Глушич 79), Сепашвили, Хмель, Ю.Иванов (Матвейчук 57), Мирошниченко.
Алматы қаласы. 19-сәуір. 3500 жанкүйер.
Маусым айының бірінші күні. Тағы да сол жыл. Өздеріңіз іштеріңіз сезіп те тұрған шығар. Бұл қай ойын екенін. Тарихи матч тағы да Алматының «Орталық» стадионында өтті. Бұл жолы Қазақстан Ұлттық құрамасы алғашқы ойынын өткізді. Бас бапкер Бақтияр Байсейітовтың бастауымен Қазақстан деген жазуы бар жейдені киіп шыққан 11 аяқдопшы Түрікменстан құрамасына қарсы ойнады. Орталық Азия Кубогы деп аталған жарыс дегенмен ФИФА күнтізбесіне енбей қалды. Себебі, бұл сайысқа қатысқан командалар әлі ФИФА-ның мүшесі болып қабылданбаған еді. Дегенмен, құжаттар өткізіліп үлгерілген. Бір қызықты қараңыз. Жаңа ғана Қазақстан чемпионатының алғашқы голын кім соққанын көрдіңіз ғой. Алтыншы минутта Владимир Нидергаус соққан болатын. Шабуылшы Қазақстан құрамасының да алғашқы голын соққан футболшы. Ол кездесудің 85-ші минутында Түрікменстан қақпасының тоғыздығын дәл көздеді. Сонымен қатар, Қазақстан құрамасының бапкері болған Вахид Масудов пен қазіргі бапкері Талғат Байсуфинов секілді ойыншылар сол ойында бір-бірін алмастырып алаңға шыққан.
Қазақстан – Түрікменстан - 1:0
Гол: Нидергаус 85
Қазақстан: Егошкин, Қожабергенов (к), Пасько, Сысоев (А.Богатырев 46), Есмұратов, А.Поведенок (Бадағұлов 89), Дүзмәмбетов, (Найдовский 61) Нидергаус, А.Әбілдаев (С.Әбілдаев 46), Масудов, (Байсуфинов 73), Мирошниченко.
Алматы қаласы. «Орталық стадион». 2500 көрермен.
Бүгінгі мақаламыздың соңғы нүкте қояр матчы - Қазақстан Кубогының финалы болмақ. 1992 жылы Қазақстан Кубогының алғашқы жеңімпазы «Қайрат» болған. Бірақ, қазіргідей кубок финалы қар аралас боранда емес, жаздың күні өткізілген екен. Мысалы, «Қайрат» пен «Фосфор» арасындағы финал 8-ші тамыз күні өтіпті. «Фосфор» деген қазіргі «Тараз» екенін де жас жанкүйерлердің есіне сала кетейін. Сонымен, бұл тарихи матчтың протоколын да назарларыңызға ұсынамыз.
«Қайрат» (Алматы) - «Фосфор» (Тараз) - 5:1 (2:0)
Голдар: Найдовский 9, 36, С. Климов 59, Волгин 68, А.Әбілдаев 77 – Литвиненко 88.
«Қайрат»: Кафанов, Б.Еңсебаев, А.Скляров (Каримов 75), Айманов, Волгин, Сләмбеков (Яблочкин 75), С.Климов (Жейлетбаев), А.Әбілдаев, Найдовский, Масудов, Анашкин.
«Фосфор»: Жебин, Смайылов (Кочагин 12), Тагиев, Литвиненко, Елеусінов (Авдеев 46), Савин (Мирсалимбаев 81), Қайназаров, Вишнияков (Я.Щербаков 73), М.Сыздықов, Бельский, Шмариков (Ниязымбетов 46).
8 тамыз. Алматы. 1000 көрермен.
Қадірменді қазақ футболының жанкүйері, бұл мақаламен біз шектеліп қалғымыз келмейді. Ел футболындағы елеулі ойындардың біршамасын әлі де сіздің алдарыңыздарға ресми құжаттармен алып келуге тырысамыз.
Ермұхамед МӘУЛЕН
№ | Команда | И | М | О |
---|---|---|---|---|
1 | Қайрат | 24 | 39-21 | 47 |
2 | Астана | 24 | 39-19 | 46 |
3 | Ақтөбе | 24 | 39-26 | 43 |
4 | Ордабасы | 24 | 36-24 | 42 |
5 | Тобыл | 24 | 33-23 | 39 |
6 | Елімай | 24 | 35-32 | 37 |
7 | Атырау | 24 | 28-20 | 35 |
8 | Қайсар | 24 | 28-29 | 34 |
9 | Қызылжар | 24 | 29-26 | 29 |
10 | Жеңіс | 24 | 18-32 | 24 |
11 | Жетісу | 24 | 17-33 | 23 |
12 | Тұран | 24 | 16-39 | 20 |
13 | Шахтер | 24 | 12-45 | 10 |