Қазақстан футболшылары Еуропа чемпионаттарында неге ойнамайды?
Қазақстандық футболшылар ішкі біріншілікте өте жақсы жалақы алады. Біздің чемпионаттан жалақыны асырып беретін біріншілктер осы күні тек еуропаның үздік чемпионаттары секілді. Англия, Испания, Германия, Италия, Франция және Ресей біріншіліктерінде өнер көрсетпесең, Қазақстандағыдан жоғары жалақы алу қиын. Екіншіден, ол жақта өнер көрсетуің екі талай. Футболдың деңгейі өте жоғары.
Алдымен бұрын болған оқиғаларды қопарып жіберсек. Қазақстандық футболшылар шет ел асып доп тепкен кездер көп емес. Дегенмен, аракідік отандастарымыз Еуропа ареналарында доп тепті. Мысалы, Ақсу қаласының тумасы Виктор Зубарев Тула қаласының «Арсеналынан» кейін Төменгі Новгородтың «Локомотив» командасында тер төкті. Сосын «Ертіске» оралып, ұлттық құрама намысын қорғады. Қазақстан футболында ол кездері жалақы өте аз және берілу жиілігі нашар болатын. Алып денелі Виктор кипрлік «Апполлонда» 42 кездесуде 23 гол соқты. 2 жыл бойы Кипр чемпионатындағы үздік сұрмергендер қатарында болды. Тіпті, УЕФА Кубогының іріктеуінде гол ұрды. Кипр чемпионатының ерекшелігін сол жылдары Олег Литвиненкода көріп қайтты. Ол «Эрмис» командасында болып, 9 ойында алаңға шықты. 2003 жылы жартылай қорғаушы Асхат Борантаев «Ахарнаикос» деген Грекияның командасында ойнады. Грекияның екінші лигасында ол 17 ойынға қатысты.
Ал, мына тұрған Ресей чемпионатында қазақстандық футболшылар ол кезде толып жүретін. Руслан Балтиев, Фархадбек Ирисметов, Асхат Қадырқұлов, Самат Смаков, Андрей Карпович, Евгений Тарасов, Максим Шевченко, Рафаэль Уразбахтин бастаған жігіттер өз командаларының негізгі құрамында ойнады. Белгілі саясаткер, бизнесмен Болат Әбіловтың айтуынша «Қайрат» командасы екі футболшы сатып, жарты миллион доллар тапқан. Естеріңізде болса Әбілов «Қайрат» командасының президенті болды. Алдымен Асхат Қадырқұловты мәскеулік ЦСКА алдыртты. Команда бас бапкері Павел Садырин бұл ойыншыны Иорданияда өткен бір турнирде байқап қалған. Бірден жартылай қорғаушымен 3 жылдық келісім жасасып, ЦСКА «Қайратқа» 200 мың доллар төлеген. Ол кездері бұл қомақты қаржы еді дейді Болат Әбілов. Одан кейінгі ірі трансфер шабуылшы Евгений Тарасовпен болды. Оны Санкт-Петербургтың «Зенит» командасы 300 мыңға сатып алды. Шабуылшы бара салысымен Ресей біріншілігінің алғашқы алты турында сұрмерген болып тұрды. Кейіннен ауыр жарақат алып, екінші құрамға түсті.
Ресей біріншілігінің деңгейі сол кезде жоғары еді. Трансферлік қаржы жағынан бәрін озған Андрей Карпович болатын. Ол өз әріптестері Рафаэль Оразбахтин, Самат Смаковтармен бірге «Ростсельмаш» (қазіргі «Ростов») командасында жүрді. Андрейді орталық жартылай қорғанысты күшейту үшін мәскеудің «Динамосы» сатып алды. Сол кездегі ресейлік баспасөз футболшының трансфері 1 миллион долларды құрады деп жазды. Кейбір ақпараттар 800 мың деді. Жалпы алғанда сол шаманың трансфері.
Сонымен қатар, Әли Әлиев (Түркия), Давид Лория (Түркия), Гурам Макаев (Бельгия), Илья Фомичев (Финляндия), Александр Кучма (Польша), Максим Жалмағамбетов (Бельгия), Сергей Остапенко (Бельгия) сынды ойыншылар өзге ел клубтарында өнер көрсетті.
Міне, содан бері қазақстандық футболшылар өзге елдің командаларына алына алмай жүр. Футбол деңгейі өсіп кетті. Жақын арада шет ел чемпионатында өз күшін тексеріп келген Сергей Хижниченко мен Абзал Бейсебековтар ғана. Чемпионатының деңгейі сәл ғана жоғары, тіпті бірдей болғанның өзінде ол жақта футболшыларға қыруар жалақы берілмейді. Міне, бұл біздің футболшылардың Еуропада ойнай алмауының басты себебі...
Ермұхамед МӘУЛЕН
№ | Команда | И | М | О |
---|---|---|---|---|
1 | Қайрат | 24 | 39-21 | 47 |
2 | Астана | 24 | 39-19 | 46 |
3 | Ақтөбе | 24 | 39-26 | 43 |
4 | Ордабасы | 24 | 36-24 | 42 |
5 | Тобыл | 24 | 33-23 | 39 |
6 | Елімай | 24 | 35-32 | 37 |
7 | Атырау | 24 | 28-20 | 35 |
8 | Қайсар | 24 | 28-29 | 34 |
9 | Қызылжар | 24 | 29-26 | 29 |
10 | Жеңіс | 24 | 18-32 | 24 |
11 | Жетісу | 24 | 17-33 | 23 |
12 | Тұран | 24 | 16-39 | 20 |
13 | Шахтер | 24 | 12-45 | 10 |