Біздің "Ма-Ма"
Тағдырдың жазуы шығар. Бұйрық солай болу керек 1998 жылы дүние жүзілік доп додасын жүргіздік. Эфирде іш пыспау керек, елдің де ішін пыстырмауға тырысамыз. Ұстаз Зәкең, академик Зейнолла Қабдоловқа ұқсаған түріміз ба екен, өзгелерден де ілдік. Сөз ойнатуға құмарландық. Чили алаңда жүрген. Шабуыл шебінде Марсело Салас пен Иван Саморано. Бір-бірін жете түсінетін жігіттер еді. Былайғы жұрт «Са-Са» жұбы деп айдар таққан. Бразилияда «Ро-Роның» дәуірі жүріп тұрған. Роналдо мен Ромарио. «Ан-Ан» енді шығып келе жатты. Анри мен Анелька ше. «Ча-Ча» «Алания» сапында. Александр Чайка мен Давид Чаладзе. Екеуі Мәскеулік «Спартакты» тізеге отырғызған.
Бізде ше? «Бар екен»,- дедік эфирде. «Бар. Мама». Анығында - «Ма-Ма». Мазбаев пен Макаев. Ұлттық құраманы ұшпаққа шығара алатын ойыншылар. Шынында да мықты футболшылар. Нұркен де, Гурам да. Екеуінің беделі сол кездерде біз үшін «Ро-Ро»-дан немесе «Са-Са»-дан кем емес еді. Қайта артық көруіміз мүмкін. Өз өнімің, әрі өндіріп ойнайтындар. Мазбаевқа баға берген Асқар дедік қой. Сосын біз де мән беріп, қарадық. Ортадан ойқастап шығатын сұрмерген. Тепкен добы діттеген жерден табылады. Гол соққыш. Допты тобығына байлап алады-ау деймін. Ешкім ала алмайды. Жеңіл қимылдайды. Қорғаушылар құрсауынан оңай сытылады. Сол кездегі «Тараз» да керемет ойнады. Құрамында Ерлан Елеусінов, Нұрмат Мырзабаев, Азамат Ниязымбетов, Олег Воскобойников, Ғани Қайназаровтар жасындай жарқылдады. Бұл жігіттердің бәрі де сай тасындай іріктелген саңлақтар ғой. Назар Нұркенге ауған соң, өзгелер туралы алдағы уақытта айтамыз деген үміт басым. Мазбаев қырыққа таяғанша доп тепті. Отыз бесінде өндіріп ойнағаны анық. Үнемі бабында. Артық ет жоқ. Қазір де сол қалпында. Тіпті, Бірінші лигаға салсаңыз, салды суға жібермейді. Жүзі жылы. Қасына барсаң көңілің өседі. Өйткені кішіпейіл. Ашуланғанын көрмеппіз. Сабырлы.
«Тараз» 1995 жылы ұлттық біріншіліктің күміс медалін иеленді. Келесі маусымда ел чемпиондары атанды. 1997 жылы тағы екінші орынға табан тіреді. Қатарынан үш жыл бойы Қазақстан чемпионатының көрігін қыздырған команданың сапында жүру, жүріп қана қоймай, бірнеше гол соғу, ол енді нағыз сұрмергенге тән қасиет. Жиырма жасында Премьер-лигадаға алғашқы ойынын өткізді. Әлгі, 1995 жылы 19 гол соғып, «Таразда» мергендер көшін бастады. «Мазбаевтың мерген болатыны заңдылық», - деген сол кезде Ваит Талғаев, - «өте еңбекшіл». 1992 жылы алғашқы матчын өткізген Нұркен бес жылда 159 рет алаңға шығып, қарсыластар қақпасына 59 гол соққан. Бір ғана футболшының тұтас команданы өрге шығармайтыны анық. Алайда, орта тұста тер төккендердің еңбегін зая етпейтін, ұсынған пастарын голға айналдыратын Мазбаевтың алаңда жүргені қандай жақсы. Жақсы деп қалдық қой. Жалпы жұрт Нұркенді жақсыға балайды, солай деп санайды. 1997 жылы 16 гол соғып, мергендер көшін бастады. 2004 жылы қайта оралып, тағы үш жыл ойнады. 85 рет алаңға шығып, 23 гол соқты. Тамаша жетістік қой? Әрине! Рас, өзге командаларда да доп тепті. Өз есебіне жазған голдары да бар. Тарихта жазулы тұр.
Нұркен қазір бапкер. Ұлттық құрамада. Подгорица сапарында сөйлестік. Көсіліп әңгіме айтпайды, бірақ, сұрағыңа толық жауап береді. Езу тартып барып, үн қатады. Ел футболының болашағынан үміт күтетінін айтады. Өткен күндерді де сағынады екен. Сәттілік, Сізге, елімнің сұрмергені. Біздің «Ма»!!!
Амангелді СЕЙІТХАН,
Арнайы "KazFootball.kz" үшін.
№ | Команда | И | М | О |
---|---|---|---|---|
1 | Қайрат | 24 | 39-21 | 47 |
2 | Астана | 24 | 39-19 | 46 |
3 | Ақтөбе | 24 | 39-26 | 43 |
4 | Ордабасы | 24 | 36-24 | 42 |
5 | Тобыл | 24 | 33-23 | 39 |
6 | Елімай | 24 | 35-32 | 37 |
7 | Атырау | 24 | 28-20 | 35 |
8 | Қайсар | 24 | 28-29 | 34 |
9 | Қызылжар | 24 | 29-26 | 29 |
10 | Жеңіс | 24 | 18-32 | 24 |
11 | Жетісу | 24 | 17-33 | 23 |
12 | Тұран | 24 | 16-39 | 20 |
13 | Шахтер | 24 | 12-45 | 10 |