Эрфан Зенели: "ХИК"-пен салыстырғанда "Шахтерда" шамалы жоғары жалақы аламын"

Дәл сол футболшы енді "Шахтер" клубын өрге сүйрейтін футболшылардың қатарына қосылды. Осы орайда Kazfootball.kz порталы Зенелимен сұқбаттасып, біраз сауалдардың жауабын алған болатын.
— Эрфан, Қазақстанға қош келдіңіз. "Шахтермен" қанша уақытқа келісім-шарт жасадыңыз?
— Рақмет. "Шахтермен" бір жылдық келісім-шартқа қол қойдым.
— Жаңа командаңыздың қатарына қашан келдіңіз?
— Жұма күні келіп қосылдым. Қазір командамен біргемін. Бірнеше жаттығу жұмыстарын жасап үлгердім.
— Командаластарыңыз Сізді қалай қабылдады?
— Жақсы. Менің байқауымша "Шахтер" қазір жаңа команда жинап жатыр. Алдағы маусымға жоспарлары да жақсы. Бұйырса, сол жоспарларды орындауға менің де көмегім тиеді деп ойлаймын. Командаға көмектесу үшін қолдан келгеннің барлығын аямаймын.
— "Шахтер" осыдан екі-үш жыл бұрын Қазақстандағы ең күшті командалардың бірі болған. Тіпті Қазақстан тарихында Еуропа лигасының топтық кезеңінде ойнаған тұңғыш команда атанды. Командаға келер кезде бұл туралы білдіңіз бе?
— Шынымды айтсам, білмедім. Дегенмен, қазір ақырындап біліп келе жатырмын. Қарағанды қаласы туралы. Клубтың тарихы туралы команда қатарында бұрыннан ойнап жүрген футболшылардан сұрап жүрмін.
— Қарағандыға жолыңыз қалай түсті?
— Менің 2015 жылдың соңында "ХИК"-пен келісім-шартым аяқталды. Содан кейін еңбек демалысымды өткізіп жүргенмін. Ақпан айының ортасында агентім хабарласып, қазақстандық клубтан ұсыныс түскенін айтты. Сөйтіп, клубтың бапкерлерімен, басшыларымен келіссөздер жүргіздік. Соңында бір бітімге келдік.
— Сонда Сіз басқа футболшылар секілді бапкерлердің бақылауынан өткен жоқсыз ба?
— Өттім әрине. Бірақ, ұзақ уақыт дей алмаймын. Келіссөздерді жүргізуге келгенде командамен 2-3 күн болдым. Келісімге келгеннен соң үйге барып, қайта келдім.
— Егер құпия болмаса "Шахтер" клубында қанша жалақы аласыз?
— Кешірім сұраймын. Мен бұл сұраққа жауап бере алмаймын. Қаржылық құпия.
— Ал, "ХИК" сапында жүргенде қанша алатын едіңіз?
— Бұл сұраққа да жауап бере алмаймын. Бірақ, "ХИК"-пен салыстырғанда "Шахтерда" шамалы жоғары жалақы аламын.
— Сіздің өткен жылы "ХИК" клубымен Қазақстанға келгеніңізді білеміз. Оған дейін біздің елде болған ба едіңіз?
— Жоқ. Болғаным жоқ. Тек "ХИК" клубымен ғана бір рет келдім.
— "Шахтер" сапына өткен кезде кіммен ақылдастыңыз? Жалпы, Қазақстанда ойнайтын достарыңыз бар ма?
— Бірінші кезекте отбасыммен ақылдастым. Одан кейін агентіммен. Дәл қазір менің Қазақстанда ойнап жүрген достарым жоқ. Алайда, бұрын ойнаған бір-екі футболшыны танитын едім. Солар Қазақстан туралы аз-кем айтып берді.
— "Шахтер" сапында бірнеше жаттығу да өткізіп үлгердіңіз. Қазақстан мен Финляндия футболының арасындағы қандай ерекшеліктерді байқадыңыз?
— Көп айырмашылық бар деп айта алмаймын. "ХИК"-те біз физикалық дайындыққа ерекше көңіл бөлетін едік. "Шахтерда" да көбіне физикалық дайындыққа ден қояды екен.
— Айтпақшы, "ХИК"-пен бірге келгеніңізде "Астана" қақпасына үшінші голды соғып, біздің клубты Чемпиондар лигасынан шығарып жіберуге шақ қалдыңыз. Сондықтан, Сізді Қазақстанда құшақ жайып қарсы алады деп ойламаймын ...
— Иә, ол жағын білемін. Бірақ, мен ол кезде "ХИК" ойыншысы едім. Мен тек өз жұмысымды істедім. Енді "Шахтердің" биік белестерді бағындыруы үшін тынбай жұмыс істеймін. Жанкүйерлер маған түсіністікпен қарайды деген ойдамын.
— Сұқбат бергеніңізге рақмет. Жаңа клубыңызда сәттілік тілеймін!
— Сізге де рақмет!
Уалихан Қосанбай
№ | Команда | И | М | О |
---|---|---|---|---|
1 | Қайрат | 5 | 15-3 | 13 |
2 | Тобыл | 5 | 6-1 | 11 |
3 | Ақтөбе | 5 | 10-4 | 10 |
4 | Астана | 4 | 8-2 | 10 |
5 | Елімай | 4 | 7-3 | 7 |
6 | Оқжетпес | 5 | 5-6 | 7 |
7 | Тұран | 4 | 7-6 | 6 |
8 | Қызылжар | 5 | 5-7 | 5 |
9 | Ордабасы | 5 | 2-6 | 5 |
10 | Жеңіс | 4 | 1-1 | 4 |
11 | Жетісу | 5 | 1-5 | 3 |
12 | Атырау | 6 | 5-17 | 3 |
13 | Қайсар | 4 | 3-8 | 2 |
14 | Ұлытау | 5 | 1-7 | 2 |


